Алаштың ұлттық һәм саяси мінберіне айналған «Қазақ» газетінің жарық көргеніне биыл 111 жыл толып отыр.
Қазақ тілінде шыққан тұңғыш «Қазақ» газеті 1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор қаласында Каримовтар мен Хұсайыновтар баспасынан жарық көрді. Қазақ халқының қоғамдық өмірінде, ұлттық санасы өсіп дамуы тұрғысында үлкен рөл атқарған «Қазақ» газеті өз заманының өзекті үнпарағына айналды. 1913-1918 жылдары аталмыш газеттің 266 саны жарық көрді.
Ұлт қайраткерлерінің қолтаңбасы қалған «Қазақ» атты қоғамдық және әдеби газет 1913 жылғы 2-ші ақпаннан бастап Орынбор қаласында аптасына бір рет, 1915 жылдан бастап аптасына екі рет шығып тұрды. Таралымы – 3000 дана, кей жылдары 8000-ға жеткен.
Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш арыстары «Қазақтың» ұлттық басылымға айналуы үшін тер төкті. ұлт қамы, ұлт тағдырына арналған мақалаларын жұртшылыққа жеткізді.
Қазақ тіліндегі тұңғыш журнал «Айқап» пен тұңғыш газет «Қазақтың» алаш баласының санасын жаңа сапалық деңгейге көтерудегі маңызы аса зор болды. Академик Мұхтар Әуезовтің: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын», — деген сөзі осы басылымның ұлт руханияты жолында атқарған еңбегіне берілген шынайы баға.
Батыс Қазақстан облыстық
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі